9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні қарсаңында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге тыл ардагерлерінің шаңырақтарына және жауынгерлік міндетін орындау барысында ерлікпен қаза тапқан азаматтардың отбасыларына арнайы барып, құрмет көрсетті. Тағылымы мол кездесулер барысында ел үшін еңбек еткен ардагерлер мен батырлардың жақындарына алғыс айтылып, мерекелік сый-сияпаттар табысталды.
Бұл кездесулер – майдан даласында жаумен шайқасқан батырлар мен тылда аянбай еңбек еткен жандардың ерлігін ұлықтап, олардың ел алдындағы еңбегіне тағзым жасаудың жарқын көрінісі болды.
Кездесу барысында аудан әкімі сұрапыл соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің жанкешті еңбегіне ерекше тоқталды. Ол «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін!» деген ұранмен таңның атысынан күннің батысына дейін тынымсыз еңбек еткен тыл ардагерлерінің қайсарлығы мен табандылығы Ұлы Жеңіске қосылған зор үлес екенін атап өтті.
— Ұлы Жеңіс – тек майдан даласында қару асынып, ерлік көрсеткен батырлардың ғана емес, тылда күн-түн демей еңбек еткен қарапайым еңбек адамдарының да жеңісі. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен төзімділіктеріңіз – кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Ел үшін атқарған қызметтеріңіз ешқашан ұмытылмайды, – деді аудан әкімі.
Алғашқы кезекте аудан басшысы Ұлман Қойтанова анамыздың шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті. Ұлман ананың ұлы Қыдырбаев Мақсат Тұрарұлы 2017 жылы жауынгерлік міндетін орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында жанын қиған жауынгердің ерлігі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 2 мамырдағы Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Кездесу барысында аудан әкімі Ұлман анамызға сабыр мен амандық тілеп, ел үшін жанын қиған батырлардың есімі халық жадында мәңгі сақталатынын жеткізді. Сонымен қатар, батыр ұл тәрбиелеген анаға ел атынан ризашылық білдірілді.
Мұнан кейін аудан басшысы Серік Әбдиев ағамыздың отбасына арнайы барып, тағзым жасады. Серік Әбдиевтің ұлы Ержан Әбдиев 1995 жылы Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қимылдар кезінде қаза болған. Ержан Әбдиевтің ерлігі де ел тарапынан еленіп, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі табысталған.
Кездесу барысында жауынгерлердің жарқын бейнесі еске алынып, олардың Отан алдындағы ерлігі мен адалдығы кейінгі ұрпаққа үлгі екені айтылды. Батырлардың ата-аналарына құрмет көрсетіліп, жылы лебіздер мен ізгі тілектер жеткізілді.
Сонымен қатар, мереке қарсаңында тыл ардагерлері – 98 жастағы Ишанқұл Асанұлы, 90 жастағы Айтжан Алиева, 90 жастағы Мейрамбек Маханшаұлы және 85 жастағы Қали Дүйсенманұлының шаңырақтарына арнайы барып, құрмет көрсетілді. Ардагерлерге сый-сияпаттар табысталып, мерекелік құттықтаулар айтылды.
Тағылымды кездесулер барысында тыл ардагерлері өткен күндердің ауыртпалығы мен соғыс жылдарындағы еңбек туралы естеліктерімен бөлісті. Олар сол кезеңдегі халықтың ауызбіршілігі мен төзімділігі Ұлы Жеңіске жетудің басты кепілі болғанын айтты.
Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстан халқы майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен, әскери техникамен қамтамасыз етуде орасан еңбек сіңірді. Тарихи деректерге сүйенсек, майданға атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген. Бұл – тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегінің айқын дәлелі.
Бүгінде аудан бойынша 135 тыл ардагері бар. Олардың әрқайсысының өмір жолы – ерлік пен еңбекке толы тағылымды тарих. Ел үшін маңдай терін төккен ардагерлердің өнегелі ғұмыры мен батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Осындай кездесулер – аға буынға деген құрметтің, ел тарихына деген тағзымның және жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің маңызды көрінісі. Ардагерлерге құрмет көрсету – бейбіт өмірдің қадірін түсінудің, өткенге тағзым жасаудың айқын белгісі.
Ел қорғаған ерлердің ерлігі мен тылда тер төккен еңбек адамдарының қажырлы еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталып, әрдайым құрметпен ұлықтала бермек.







