Түркістан қаласында өткен «Түркістан, таланттарды шақырады» аясында Шиелі ауданы өнерпаздары тағы бір мәрте топ жарып, өңір мерейін үстем етті. Атап айтқанда, ауданға қарасты Бидайкөл ауылы «Ақ тілекті» әжелер ансамблі жоғары деңгейдегі өнерімен ерекшеленіп, жүлделі І орынды иеленді.
Аталған байқау республика көлеміндегі талантты өнерпаздардың басын қосып, ұлттық мәдениетті насихаттауға бағытталған маңызды алаңға айналды. Осындай беделді додада шиелілік әжелер ансамблінің жеңіске жетуі – аудан өнерінің өрісін кеңейтіп, ұлттық құндылықтардың өміршеңдігін тағы бір дәлелдеді.
Сахна төрінде ұлттық нақыштағы әндер мен тағылымға толы қойылымдарын ұсынған «Ақ тілекті» әжелер ансамблі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, олардың дәстүрлі әндерді нақышына келтіре орындауы, сахна мәдениеті мен үйлесімді костюмдері қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Ансамбль мүшелері өз өнерлері арқылы қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын кеңінен насихаттап, кейінгі буынға өнеге көрсетті.
Өнер додасында топ жарған әжелердің бұл жетістігі – тек бір ұжымның ғана емес, тұтас Қызылорда облысы мәдениетінің жеңісі деуге толық негіз бар. Өйткені олар ұлттық өнерді дәріптеу жолында табандылық танытып, көп жылдық тәжірибесі мен шеберлігін үйлестіре білді.
Айта кету керек, мұндай байқаулар халық шығармашылығын дамытуға, ұлттық өнерді жаңғыртуға және ұрпақ сабақтастығын сақтауға зор мүмкіндік береді. Ал «Ақ тілекті» әжелер ансамблінің жеңісі – ел ішіндегі өнерпаз жандарға шабыт сыйлап, мәдениет саласының дамуына серпін берері сөзсіз.







