Шиелі ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды жалпыхалықтық тазалық акциясы ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы бастамашы болған бұл жоба өңірде жүйелі түрде іске асырылып келеді. Соның аясында «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – бір ұғым» атты шара өтіп, аудан тұрғындарын ортақ іске жұмылдырды.
Тазалық жұмыстары негізінен аудан аумағындағы қорымдарда жүргізілді. Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен барлық елді мекендердегі зираттар қоқыстан тазартылып, айналасы ретке келтірілді. Сонымен қатар көгалдандыру жұмыстары қатар жүргізіліп, көшет отырғызу ісі де назардан тыс қалмады.
Бұл бастама тек санитарлық шара ғана емес, ұлттық таныммен сабақтас игі іс ретінде бағаланды. Қазақ халқының дәстүрінде ата-баба рухына тағзым ету, қорымдардың тазалығын сақтау – ерекше мәнге ие. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ұлағатты ұғым осының айқын дәлелі. Сондықтан бүгінгі акция көпшілік үшін рухани жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Ауқымды шараға екі мыңға жуық тұрғын қатысып, белсенділік танытты. Олардың қатарында мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер, ардагерлер мен жастар бар. Барлығы бір кісідей жұмылып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосты.
Ұйымдастырушылар мұндай бастамалардың қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастырумен қатар, елге деген жанашырлықты күшейтетінін атап өтуде. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады деп күтілуде.







