Шиелі аудандық “Руханият” орталығында қазақ поэзиясының сыршыл өкілі, лирик ақын Қатира Сыздыққызы Жәленованың 75 жылдық мерейтойына арналған «ӘДЕБИЕТ ПЕН СЕЗІМНІҢ ТОҒЫСУЫ» атты тағылымды кездесу кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Рухани мазмұнға бай кешке зиялы қауым өкілдері, әдебиетсүйер оқырмандар мен жастар қатысып, поэзия әлемінің терең иірімдеріне бойлады.
Мерекелік шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов сөз сөйлеп, аудан әкімі атынан мерейтой иесіне жүрекжарды лебізін жеткізді. Ол өз сөзінде ақынның қазақ әдебиетіне қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтіп, оның шығармаларындағы нәзік лиризм мен адам жанының сырлы сезімдерін шебер бейнелейтін қаламгерлік қырын жоғары бағалады. Салтанатты сәтте мерейтой иесіне арнайы құттықтау хат табысталды.
Кештің негізгі бөлімі сұхбат форматында өрбіді. Әдеби жүздесу барысында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы атанған Қатира Сыздыққызы Жәленованың өмір жолы мен шығармашылық кезеңдері кеңінен сөз болды. Ақынның қаламгерлік жолындағы ізденістері, оның поэзиясындағы ұлттық болмыс пен терең сезім үйлесімі туралы мазмұнды әңгімелер айтылды.
Кеш барысында ақынның жүрек тербетер жырлары оқылып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Әр шумақтан сырлы сезім, өмірге деген махаббат пен адам жанының нәзік толғаныстары анық сезілді. Бұл – ақын поэзиясының уақытпен үндесіп, оқырман жүрегіне жол таба алатын өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сонымен қатар, аудан өнерпаздары ақын сөзіне жазылған әндерді нақышына келтіре орындап, әдеби кештің әсерін еселей түсті. Әуезді ән мен көркем сөз үйлесім тапқан бұл кеш рухани байлықтың мәнін терең ұғындырды.
Тағылымды басқосу жалпы қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, әдебиет пен сезімнің өзара үндестігін айқын көрсетті. Ақын мерейтойына арналған бұл кеш – ұлттық руханиятты дәріптеудің жарқын үлгісі ретінде көпшілік жадында сақталары сөзсіз.







