Шиелі ауданында ақпараттық-түсіндіру бағытындағы маңызды кездесу ұйымдастырылып, онда қоғамдағы өзекті мәселелер кеңінен қозғалды. “Жиделі топтық су құбыры” өндірістік бөлімшесінде өткен жиынға сала қызметкерлері қатысып, мамандар тарапынан ұсынылған маңызды ақпараттармен танысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – тұрғындар мен еңбек ұжымдары арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, дәстүрлі құндылықтарды насихаттау және қазіргі қоғамда белең алып отырған қауіп-қатерлердің алдын алу болды. Осы ретте жиынға арнайы келген РАТТ мүшесі Бауыржан Ботақараев мазмұнды баяндама жасап, қатысушыларға рухани-мәдени құндылықтардың маңызын түсіндірді.
Ол өз сөзінде ұлттық дәстүрлер мен отбасы институтының қоғамдағы орнына тоқталып, жастар арасында жат діни ағымдардың таралуының алдын алу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, деструктивті идеологиялардың белгілері мен олардың қоғамға тигізетін кері әсері жайында нақты мысалдар келтіріп, тұрғындарды сақ болуға шақырды.
Жиын барысында аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы К. Есенбаев те сөз алып, бүгінде жиі кездесетін интернет алаяқтық мәселесіне кеңінен тоқталды. Ол цифрлық технологиялардың дамуына байланысты алаяқтық тәсілдердің де күрделене түскенін айтып, тұрғындарға жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелерден сақтану және қаржылық қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша нақты кеңестер берді.
Кездесу ашық форматта өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан тұщымды жауаптар алды. Бұл өз кезегінде жиынның маңыздылығын арттырып, халық пен жауапты сала өкілдері арасындағы байланысты нығайта түсті.
Іс-шара қорытындысында мұндай кездесулердің қоғам үшін маңызы зор екені атап өтіліп, алдағы уақытта да түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасатыны жеткізілді. Жиын қатысушылары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, алынған ақпараттардың күнделікті өмірде аса қажет екенін атап өтті.







