Сырдария ауданының Аманкелді ауылында өткен игі бастама – табиғатты қорғау мен туған жерге жанашырлықтың жарқын көрінісіне айналды. Мемлекет көлемінде қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған тал егу іс-шарасы бұл жолы да көпшіліктің белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті.
Шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарымен бірге көшет отырғызу жұмыстарына атсалысты. Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық мәслихат депутаты Руслан Каскиев және ауыл ақсақалдары мен белсенді тұрғындар да табиғатты көркейту ісіне өз үлестерін қосты.
Іс-шара барысында аудан басшысы «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама тек сенбілік немесе тазалық жұмыстары ғана емес, елдің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды қозғалыс. «Бұл – туған жерге деген құрмет пен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің айқын белгісі», – деді ол өз сөзінде.
Ауыл аумағындағы «Қызылбай» бауында өткен көгалдандыру жұмыстары барысында қатысушылар белгіленген жерлерге 1100-ден астам тал көшетін отырғызды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, егілген жас ағаштар алдағы жылдары тамырын тереңге жайып, ауылдың экологиялық ахуалын жақсартуға, сондай-ақ көркін арттыруға қызмет етеді.
Жалпы, мұндай бастамалар өңірде экологиялық сананы қалыптастырып қана қоймай, тұрғындардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыра түседі. Бірлескен еңбек пен ұйымшылдықтың нәтижесінде жүзеге асқан бұл шара – ел ертеңіне жасалған маңызды инвестиция.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар ауыл-аймақтың ажарын ашып, халық үшін қолайлы әрі таза өмір сүру ортасын қалыптастыруға негіз болмақ.







