Аудан орталығында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті. «Бірлігіміз жарасқан Қазақстан» атты мерекелік іс-шара Орталық алаңда ұйымдастырылып, оған аудан әкімі Берік Сәрменбаев арнайы қатысып, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.
Мерекелік жиын ұлттар достығы мен татулықтың айқын көрінісіне айналды. Алаңда этно-мәдени орталықтар өздерінің ұлттық құндылықтарын паш етіп, әр халықтың салт-дәстүрлері мен ұлттық тағамдарын көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар, жас суретшілердің көрмесі, мәдени және спорттық бағыттағы шаралар ұйымдастырылып, келген қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Аудан басшысы зиялы қауым өкілдерімен бірге этно-мәдени бірлестіктер дайындаған көрмелерді аралап, олардың жұмысына жоғары баға берді. Салтанатты жиында сөз сөйлеген Берік Сәрменбаев Қазақстан халқының бірлігі күні – ел ішіндегі тұрақтылық пен келісімнің символы екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірлік пен татулыққа негізделген саясатына тоқталып, ел болашағы үшін ынтымақтың маңызы зор екенін жеткізді.
Сондай-ақ, өңірде этносаралық келісімді нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен сөз болды. Облыс орталығында заманауи «Достық үйінің» салынуы, аудандарда «Руханият» орталықтарының іске қосылуы – соның нақты дәлелі. Бұл бастамалар түрлі этнос өкілдерінің мәдени-рухани байланысын сақтауға және дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде өңірде 30-дан астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда.
Мерекелік шара барысында бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға белсенді үлес қосып жүрген азаматтар облыс және аудан әкімдерінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл – ел ішіндегі татулықты сақтауға еңбек етіп жүрген жандарға көрсетілген құрметтің белгісі.
Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар ән мен биден шашу шашты. Түрлі этнос өкілдері ұлттық билерін орындап, өз өнерлерін ортаға салды. Әрбір қойылым көпұлтты Қазақстанның мәдени байлығы мен рухани бірлігін айшықтай түсті.
Жалпы, «Бірлігіміз жарасқан Қазақстан» атты мерекелік іс-шара ел ішіндегі достық пен татулықтың нығая түскенін көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл күн – түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп жатқанын айғақтайтын маңызды мерекелердің бірі екені тағы бір мәрте дәлелденді.






