Өңірлік және аумақтық коалиция мүшелері аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, жаңа Конституция жобасының мазмұны мен маңызын түсіндірді.
Жиынға өңірлік коалиция мүшелері Қожамберлиев Баймырза Қожамберліұлы, Ерназаров Қайрат Шаршыбекұлы, Мұстафа Садық Шонмұрынұлы, сондай-ақ аумақтық коалиция өкілдері Мырзабеков Насырбек Аябекұлы, Қасымов Қалмырза Айдарұлы, Шалекеева Нұргүл Тәңірбергенқызы, Баймұратова Жібек Орынбайқызы қатысты.
Кездесу барысында тұрғындарға жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен онда көзделген өзгерістер жан-жақты түсіндірілді. Спикерлердің айтуынша, құжат қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.
– Жаңа Конституция – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті арттыратын маңызды құжат. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді, – деді Ерназаров Қайрат Шаршыбекұлы.
Жиында жаңа Конституция жобасына өз ұсынысын білдірген Махамбетәлі Хамитұлы да сөз алып, бірқатар бастамаларды атап өтті. Оның айтуынша, «Гимн» атауын «Әнұран» деп өзгерту – ұлттық тарих пен дәстүрді ескеріп, ел бірлігін нығайтуға бағытталған қадам.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының экономикалық өсімге, әлеуметтік саясатты жетілдіруге, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға, сондай-ақ өңірлердің әлеуетін арттыруға оң ықпал ететіні айтылды.
Жиын соңында аудан тұрғындары өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Ардагерлер ақ батасын беріп, жаңа Конституция жобасына қолдау көрсететіндерін жеткізді.







