2026 жылғы 10 наурызда Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау, Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры Алмасбек Алматовтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Жыр керуен» атты шығармашылық кеш өтті.
Салтанатты жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, жазушы, тарихшы-этнограф Қойшығара Салғараұлы, Халық жазушысы, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, ақын, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, сондай-ақ мерейтой иесінің әріптестері, шәкірттері, сала басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кеш барысында аймақ басшысы Алмасбек Алматовтың ұлттық өнерді дамытуға сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, Сыр жұртшылығының атынан құрмет көрсетіп, автокөліктің кілтін табыстады. Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын жеткізді.
Жиында Сыр өңірінің жыраулық өнердегі орны да кеңінен айтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында «Сыр елі – жыр елі» деп аталуы бекер емес екенін, бұл өңірде Қорқыт атадан бастау алатын жыраулық және күйшілік дәстүр кеңінен дамығанын атап өткені еске алынды.
Алмасбек Нұрмаханұлы – Сыр бойындағы жыраулық дәстүрдің көрнекті өкілі, Сыр сүлейлерінің ізін жалғаған өнер иесі. Ол жастайынан домбыра ұстап, «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек» сынды халық дастандарын жырлап, жыршылық өнерге ерте танылған. Шығармашылық жолын «Сыр сұлуы» ансамблінен бастаған ол кейін жырау, ұстаз, зерттеуші-ғалым ретінде танылып, ұлттық өнердің дамуына зор үлес қосты.
Егемендік жылдары жыраулық өнерге жаңа серпін беріліп, дәстүрлі өнерді кәсіби тұрғыда дамытуға жол ашылды. Соның нәтижесінде жоғары оқу орындарында «Дәстүрлі өнер – жыр» мамандығы енгізіліп, жыршы-жырауларды кәсіби даярлау жүйесі қалыптасты. Алмасбек Алматов осы бағытта жүздеген шәкірт тәрбиелеп, ұлттық өнердің сабақтастығын сақтауға еңбек сіңірді.
Өнер иесі шетелдерде де қазақтың жыраулық дәстүрін танытып, ұлттық мәдениетті насихаттауға үлес қосты. Бүгінде оның шәкірттері халықаралық және республикалық байқауларда топ жарып, еліміздің әр өңірінде жыраулық мектептің дәстүрін жалғастырып келеді.
Кеш барысында айтыскер ақын Мұхтар Ниязов мерейтой иесіне арнау айтып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Елмұра Жаңабергенова, Айгүл Елшібаева және өзге де ақын-жыршылар өнер көрсетті. Алмасбек Алматовтың өзі де сахнаға шығып, «Жыр бастауын» орындады.
Айта кетейік, мерейтой аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жыраудың бес томдық таңдамалы шығармаларының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ Қармақшы ауданында «Асыл жырдың Алмасы» атты республикалық жыршы-жыраулар фестивалі ұйымдастырылуда.






