Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев жұмыс сапарымен А.Тоқмағанбетов ауылдық округіне барып, «Айжанкеткен» каналының тоспа бөгетін қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Аудан үшін стратегиялық маңызы бар нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімі аудан басшысының ерекше бақылауында.
Нысан басында аудан әкімі құрылыс алаңын аралап, мердігер мекеме жүзеге асырып жатқан жұмыстардың жай-күйін зерделеді. Әсіресе, құрылыс сапасы мен техникалық талаптардың сақталуына баса мән беріп, әрбір кезеңнің талапқа сай орындалуы керектігін қадап айтты. Сонымен қатар, жауапты сала басшыларымен бірге жобаның орындалу барысын жан-жақты талқылады.
Жобаның маңыздылығына тоқталған «Сырдариясушар» мекемесі басшысының орынбасары М.Айтмұханов «Айжанкеткен» каналының тоспа бөгетін қайта жаңғырту өңірдегі су шаруашылығы жүйесін жетілдіруде айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, аталған нысан елді мекендерді аяқ сумен тұрақты қамтамасыз етуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы алқаптарына қажетті суды үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді.
Бұл, өз кезегінде, егін шаруашылығының өнімділігін арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатының жақсаруына тікелей ықпал етпек. Су ресурстарын тиімді пайдалану – өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі екенін ескерсек, мұндай инфрақұрылымдық жобалардың маңызы зор.
Аудан әкімі өз сөзінде құрылыс жұмыстарының сапасына қатысты талаптардың қатаң сақталуы тиіс екенін ескертті. Сонымен қатар, жобада көзделген барлық жұмыстардың белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Қауіпсіздік талаптарын сақтау да басты назарда болуы керектігін айтып, жауапты мамандарға нақты міндеттер жүктеді.
Жалпы, «Айжанкеткен» каналының тоспа бөгетін жаңғырту – су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Аталған жоба жүзеге асқан жағдайда өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешуге, ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін беруге және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік тумақ.







