23 сәуір – Ұлттық кітап күні аясында Қызылорда қаласында еліміздегі үшінші Президенттік кітапхананың іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, кәсіпкер-меценат Эдуард Огай, Абзал Ералиев, сондай-ақ құқық қорғау органдарының басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтап, жаңа нысанның өңір үшін маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы былтырғы жұмыс сапары кезінде Астана және Алматыдағыдай тәулік бойы жұмыс істейтін Президенттік кітапхананың үшінші ғимараты Қызылордада бой көтеретінін мәлімдеген.
Жоба аясында демеушілік қаражат есебінен құны 20 млрд теңге болатын, жалпы аумағы 13 мың шаршы метрді құрайтын заманауи кітапхана салынады. Ғимаратта оқу және конференц-залдар, архив пен сирек қор бөлімдері, электронды кітапхана, әлем әдебиеті залы, өнер галереялары, көрме және коворкинг алаңдары, сондай-ақ қалпына келтіру шеберханасы қарастырылған.
Нұрлыбек Нәлібаев бұл бастама халықтың рухани дамуына серпін беріп, кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеретінін жеткізді. Сонымен қатар, жобаға қолдау көрсеткен меценат Эдуард Огайға өңір жұртшылығы атынан алғыс білдірілді.
Рәсім барысында Эдуард Огай мен Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Шәкизада Әбдікәрімов сөз сөйледі.
Айта кетейік, 2022 жылдан бері өңірде 22 мәдениет нысаны пайдалануға берілген. Барлық аудандарда «Руханият орталықтары» ашылып, облыс орталығында «Өнер орталығы», «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» және «Оқушылар сарайы» салынды. Сонымен қатар, Қазатомөнеркәсіп қолдауымен «Достық үйінің» жаңа ғимараты тұрғызылды. Соңғы жылдары «Сыр жұлдыздары» академиясы мен бірқатар аудандарда өнер мектептері және оқушылар үйлері іске қосылған.







