Кеше Шиелі ауданы үшін маңызды күндердің бірі ретінде тарихқа енді. Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің қатысуымен Жөлек ауылдық округіндегі «Шолпан ана» шаруа қожалығының егіс алқабында алғашқы дән себіліп, «ДАЛА КҮНІ – 2026» атты көктемгі дала жұмыстарының басталуына арналған салтанатты шара өтті.
Ашық аспан астында ұйымдастырылған тағылымды жиынға мәслихат депутаттары, аудан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен шаруашылық басшылары қатысып, ауыл шаруашылығы саласының маңыздылығы мен даму бағыттары кеңінен талқыланды.
Салтанатты шара барысында сөз алған аудан басшысы көктемгі егіс науқанының басталуы – тек шаруалар үшін ғана емес, бүкіл өңір экономикасы үшін маңызды кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, жерге дән сеуіп, ел ырысын еселеп жүрген диқан қауымының еңбегі қашанда ерекше құрметке лайық. Сонымен қатар, ол киелі өңірдің еңбек дәстүріне тоқталып, 42 Еңбек Ерін түлеткен Шиелі жерінде ауыл шаруашылығының жүйелі түрде дамып келе жатқанын жеткізді.
Аудан әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде аграрлық салада оң өзгерістер орын алып жатқанын ерекше атап өтті. Заманауи технологиялардың енгізілуі, техникалық базаның жаңаруы және су үнемдеу тәсілдерінің кеңінен қолданылуы – соның айқын дәлелі.
Бүгінде аудан бойынша 1497 шаруа қожалығы тіркелсе, оның 217-сі егін шаруашылығымен айналысады. 2026 жылы 31 213 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Оның ішінде негізгі дақыл – Сыр салысы саналатын күріш 10 600 гектарға орналастырылмақ. Сонымен қатар, бидай, жүгері, тары, майлы дақылдар мен мал азығы дақылдары да кең көлемде егілмек.
Егіс жұмыстарына қажетті материалдық-техникалық база толық дайын. Атап айтқанда, 15 300 тонна минералдық тыңайтқыш пен 13 547 литр гербицид қоры жасақталған. Соңғы төрт жылда ауыл шаруашылығы техникасының 68,5 пайызы жаңартылып, биылғы науқанға 703 техника жұмылдырылып отыр.
Су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, бірқатар шаруашылықтар жүгері дақылын тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерімен егуде. Сонымен қатар, мыңдаған гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізіліп, лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізілген.
Инфрақұрылымды дамыту мақсатында каналдарды тазалау және қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып, «Базар арығы» каналына заманауи темір-бетон науалар орнатылуда. Бұл шаралар егіс алқаптарына суды тиімді әрі тұрақты жеткізуге мүмкіндік береді.
Шара соңында алқапқа алғашқы дән себіліп, көктемгі дала жұмыстары ресми түрде басталды. Бұл – еңбек пен үміттің, береке мен молшылықтың бастауы. Жерге түскен әрбір дәннің алтын астыққа айналып, ел ырысын арттыруы – барша жұрттың ортақ тілегі.







