Шиелі ауданында экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллектіні енгізу мәселесі кеңінен талқыланды. Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков төрағалық етті. Басқосуға аудандық мәслихат төрағасы, әкімнің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, сондай-ақ кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиын барысында цифрлық технологияларды дамыту, соның ішінде жасанды интеллектіні нақты секторларға енгізу жолдары жан-жақты сараланды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлік басым бағыт болып саналатын Шиелі ауданы үшін бұл бастаманың өзектілігі ерекше екені атап өтілді.
Аудан әкімі өз сөзінде жасанды интеллектіні енгізу мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі екенін жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі таңда цифрландыру үдерісі экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Бұл ретте жасанды интеллект тек жаңа технология емес, сонымен қатар өндіріс тиімділігін арттырып, еңбек өнімділігін еселейтін және жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашатын құрал ретінде бағаланады.
Айтбай Жандарбеков аудан үшін бұл бағыттың стратегиялық маңызын атап өтіп, жасанды интеллектіні енгізу арқылы бірнеше нақты нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтты. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыру, су ресурстарын үнемді әрі тиімді пайдалану, кәсіпкерлік саласын жаңа деңгейге көтеру және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мүмкіндігі бар. Оның сөзінше, басты мақсат — заманауи технологияларды тиімді пайдалану арқылы аудан экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету.
Сонымен қатар, жиын күн тәртібінде бірқатар өзге де маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, өнеркәсіп және өңдеу салаларындағы көрсеткіштердің орындалуы, бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді игерілуі талқыланды. Бұдан бөлек, жол бойындағы инфрақұрылым нысандары мен жол белгілерінің жай-күйі, сондай-ақ елді мекендердегі күнделікті тазалық жұмыстарының барысы да назардан тыс қалмады.
Жиын қорытындысында аудан әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, белгіленген міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асырылуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді деп күтілуде.







