Бүгін Сырдария ауданындағы «Тағзым» алаңында 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған «Жеңіс жолы – ұрпаққа аманат» атты салтанатты шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, майдангерлер рухына тағзым жасалды. Тағылымы мол жиынға аудан тұрғындары көптеп қатысып, ел үшін жанын қиған ерлердің ерлігіне құрмет көрсетті.
Мерекелік іс-шараға Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қызылорда облысының Құрметті ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Яхия Тасыров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Еспенбетов, Тәжік-Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль және Семей полигоны зардаптарын жоюға қатысқан азаматтар, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Берік Сәрменбаев Жеңіс күнінің тарихи маңызына тоқталып, бейбіт өмір сыйлаған батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
– Ұлы Жеңіс – халқымыздың қайсар рухы мен бірлігінің символы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, адамзат тарихындағы теңдессіз ерлік жасаған аға буынның қажыр-қайраты мен қаһармандығы халық жадында мәңгі сақталады. Біз Сыр өңірінен шыққан Кеңес Одағының Батырлары Нағи Ілиясов пен Жаппасбай Нұрсейтов сынды ерлердің есімін әрдайым мақтанышпен айтамыз. Сырдария ауданынан Ұлы Отан соғысына үш мыңға жуық азамат аттанып, олардың жартысынан астамы туған жерге оралмады. Олар бізге бейбіт өмір сыйлады. Бүгінде ортамызда отырған 104 жастағы майдангер Яхия Тасыров атамыз – сол сұрапыл жылдардың тірі куәгері. Ардагерлерге деген құрмет – ұрпақ парызы, – деді аудан басшысы.
Жиында сонымен қатар майдан даласында ғана емес, тылда еңбек етіп, елдің ауыртпалығын көтерген жандардың да ерен еңбегі ерекше аталып өтті. Қиын-қыстау кезеңде күндіз-түні дамылсыз еңбек еткен тыл ардагерлерінің табандылығы кейінгі буынға үлгі екені айтылды.
Шара барысында қатысушылар соғыста қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Майданда шейіт болған жауынгерлер рухына Құран бағышталып, ел тыныштығы мен ұрпақ амандығы үшін дұға жасалды.
Тағылымды кеш патриоттық рухтағы әндер мен естелік әңгімелерге ұласып, жас ұрпаққа ерлік пен елдіктің мәнін ұғындырған мазмұнды шараға айналды. Жеңіс рухын ұлықтаған жиын елдік пен бірліктің, тарихи жады мен тағзымның жарқын көрінісі болды.








