Аудан көлемінде көктемгі дала жұмыстарының барысы кеңінен талқыланды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков төрағалық еткен мәжіліс отырысы өтіп, онда егін науқаны, су үнемдеу, салық түсімдері мен қауіпсіздік мәселелері жан-жақты қаралды.
Жиынға аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты. Мәжіліс барысында көктемгі дала жұмыстарының қазіргі ахуалы сараланып, алдағы міндеттер нақтыланды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – көктемгі егіс науқанын ұйымдастыру және су ресурстарын тиімді пайдалану болды. Аудан әкімі соңғы жылдары ауданда вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өтіп жатқанын атап өтті. Соған қарамастан, Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы Олжас Бектенов 2026 жылғы егін науқанында бекітілген көлемнен артық егілген жерлерге су берілмейтіні жөнінде қатаң ескерту жасағанын айтып, бұл жауапкершілікті күшейтуді талап ететінін жеткізді.
Мемлекет басшысының суды көп қажет ететін дақылдар көлемін қысқарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл облыс бойынша күріш егісі өткен жылмен салыстырғанда 10 мың 900 гектарға азайтылып, жалпы көлемі 70 мың гектар болып бекітілген. Оның ішінде ауданға тиесілі күріш көлемі 10 мың 600 гектарды құрайды.
Қысқартылған күріш алқаптарының орнына егісті әртараптандыру жұмыстары қолға алынуда. Бұл бағытта суды аз қажет ететін әрі өнімділігі жоғары дақылдарды егу жоспарланып отыр. Аудан басшысы шаруашылық құрылымдарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын және нақты міндеттер жүктелгенін айтты.
Көктемгі егіс жұмыстарының барысы туралы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков баяндама жасады. Ол өз сөзінде аудан бойынша егіс көлемдері, ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы, тұқым қоры, минералды тыңайтқыштармен қамту және ағын су мәселелері жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Мәжіліс барысында бұдан бөлек тағы бірнеше маңызды мәселе қаралды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ернұр Райымбеков жаз мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары туралы хабарлама жасап, рұқсат етілмеген орындарда шомылудың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Ал аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Еркеғали Абдрахманов көлік салығының орындалуы, мейрамханалар мен кәсіпкерлік нысандарын қайта бағалау жұмыстары жөнінде баяндап, салық түсімдерін арттыру және кәсіпкерлік субъектілерін заң талаптарына сәйкестендіру бағытындағы шараларды атап өтті.
Сондай-ақ, мәжілісте Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Таза Қазақстан экологиялық акциясының орындалу барысы талқыланды. Аудан аумағында санитарлық тазалықты сақтау, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын күшейту мәселелері көтерілді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, көктемгі дала жұмыстары мен су үнемдеу шараларын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.








