Шиелі ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясындағы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Осы бағыттағы жұмыстардың орындалу барысын аудан әкімі Айтбай Жандарбеков арнайы аралап көріп, жауапты сала басшыларымен бірге бірқатар нысандарды бақылаудан өткізді.
Аудан басшысы алдымен кент аумағындағы орталық көшелердің санитарлық жағдайына назар аударып, тазалық жұмыстарының сапасы мен мерзімінде орындалуын саралады. Сонымен қатар, кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбеті, қоғамдық орындардың эстетикалық талаптарға сай болуы, көше бойларын ретке келтіру мәселелері де кеңінен талқыланды.
Аралау барысында жасыл желектерді көбейту, ағаш көшеттерін отырғызу, гүлзарларды күтіп-баптау және тұрғындардың демалыс орындарын таза ұстау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді. Бұдан бөлек, ирригациялық және аяқ су жүйелерінің жай-күйі қаралып, оларды тиімді пайдалану мен күтіп ұстау бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Сондай-ақ, аудан көлеміндегі жол бойында пайда болған ретсіз қоқыс орындарын жою, көше келбетін біріздендіру және елді мекеннің көркін арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі айтылды. Аудан әкімі жауапты мекеме басшыларына тазалық шараларын тұрақты түрде жүргізіп, абаттандыру жұмыстарының сапасына ерекше мән беруді тапсырды.
Айтбай Жандарбеков өз сөзінде тазалық пен тәртіп сақтау — баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыру тек мемлекеттік мекемелердің емес, әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігі екенін жеткізіп, аудан халқын туған жердің тазалығына бейжай қарамауға шақырды.
Бүгінде “Таза Қазақстан” акциясы аясында Шиелі ауданында атқарылып жатқан жұмыстар өңірдің көркеюіне серпін беріп қана қоймай, тұрғындар арасында қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етуде.







