Шиелі ауданында тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, әлеуметтік мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта аудан әкімі Айтбай Жандарбеков тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, азаматтардың талап-тілектеріне құлақ түрді. Қабылдау кезектілік тәртібімен өткізіліп, оған түрлі мәселемен келген аудан тұрғындары қатысты.
Жеке қабылдау барысында азаматтар тұрғын үймен қамту, жер алу, тұрақты жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек көрсету және өзге де тұрмыстық сипаттағы мәселелерді көтерді. Аудан басшысы әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, олардың сауалдарына заң аясында түсіндірмелер беріп, тиісті мекеме басшыларымен бірге шешу жолдарын қарастырды.
Әсіресе, жұмыссыздық мәселесі бойынша жүгінген азаматтарға аудандағы мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарында бар бос жұмыс орындары ұсынылды. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарға тарту, жастар тәжірибесі мен қайта даярлау курстарына қатысу мүмкіндіктері түсіндірілді. Бұл өз кезегінде тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және еңбек нарығына бейімдеуге бағытталған нақты қолдау шараларының бірі болып отыр.
Тұрғын үй мәселесін көтерген азаматтарға баспана кезегі заң талаптарына сәйкес жүргізілетіні, тиісті санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Сондай-ақ, көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынып, олардың шешілуі үшін сараптамалық зерделеу жұмыстары жүргізілетіні жеткізілді.
Қабылдау барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков тұрғындармен ашық диалог орнатып, халықпен кері байланыстың маңыздылығына тоқталды. Ол азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары әрдайым назарда болатынын айтып, әр мәселенің заң аясында әділ қаралуы басты назарда екенін атап өтті.
Бүгінде аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылу бірнеше тәсіл арқылы жүзеге асырылады. Атап айтқанда, тұрғындар eGov порталы, e-Otinish жүйесі немесе аудан әкімдігіне жазбаша өтініш беру арқылы қабылдауға тіркеле алады. Бұл тұрғындардың мемлекеттік органдармен байланысын жеңілдетіп, өтініштердің ашық әрі тиімді қаралуына мүмкіндік беруде.
Айта кету керек, мұндай жеке қабылдаулар халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, билік пен бұқара арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімін арттыруға негіз болуда.







