Сырдария ауданында терроризмге қарсы қорғаныс талаптарын күшейту бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 2026 жылдың 15 мамырында Сырдария аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі мен Сырдария ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары бірлесіп, аудан аумағындағы ІІІ-санатқа жататын «Коммуналдық базар» және «Серікбол» сауда үйінің басшыларымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында мамандар сауда нысандарындағы қауіпсіздік талаптарын күшейту, терроризмге қарсы қорғалу деңгейін арттыру және келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше тоқталды. Атап айтқанда, объектілерді арнайы күзет агенттіктерімен келісімшарт негізінде күзетпен қамтамасыз ету, кәсіби күзетшілерді тарту, дабыл қондырғыларын орнату, ғимараттардың есік-терезелерін темір тормен қаптау және бейнебақылау камераларын көбейту жөнінде түсіндірме берілді.
Мамандардың айтуынша, мұндай алдын алу шаралары қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алуға және құқық бұзушылықтардың болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік нысандарының иелеріне терроризмге қарсы қорғалу талаптарын сақтау – заңнама аясындағы маңызды міндет екені ескертілді.
Түсіндірме жұмыстары барысында сауда нысандарының басшыларына қауіпсіздік жүйелерін кезең-кезеңімен жаңғырту, қызметкерлер арасында төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алгоритмдерін түсіндіру және келушілердің қауіпсіздігін арттыру бойынша ұсыныстар айтылды.
Аудан мамандары алдағы уақытта да кәсіпкерлік нысандарында терроризмге қарсы қорғаныс талаптарының сақталуына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, түсіндіру жұмыстары жалғасатынын атап өтті.








