Бүгін Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне» арналған «Мейірім мен парасат әлемі – Ана» атты мерекелік салтанатты шара ұйымдастырылды.
Мерекелік кеште аудан әкімі Айтбай Жандарбеков ауданымыздың барша аналары мен қыз-келіншектерін ер азаматтардың атынан құттықтап, салтанатты жиынды ашты.
Өз сөзінде аудан басшысы әйел-ананың қоғамдағы орны әрдайым айрықша екенін атап өтті.
– Дүниенің бар әсемдігі мен кеңдігін бойына жинап, әлемді нұрландырып тұрған әйел-ананың орны қай қоғамда, қай заманда болсын ерекше. Дана халқымыз нәзік жандыларын қастерлеп, шаңырақтың ұйытқысы, ынтымақ пен ырыстың алтын діңгегі деп білген. Тарихқа көз жүгіртсек, ел басына күн туған қиын кезеңдерде ер азаматтардың жігерін жанып, рухын көтерген де – сіздер. Парасат-пайымымен халыққа үлгі болған аналарымыз ел бірлігі мен берекесінің сақталуына өлшеусіз үлес қосып келеді, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар аудан басшысы V Ұлттық құрылтай барысында ауданымыздың бірқатар азаматтары жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталғанын атап өтті. Атап айтқанда, қоғам белсендісі, жас көшбасшы Елена Пак «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, бұл аудан жұртшылығы үшін үлкен мәртебе болғаны айтылды.
Өткен жылы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында да шиеліліктер бірқатар жетістіктерге жетті. Солардың бірі – «Ақмая» шаруа қожалығында еңбек ететін Гүлсім Дәрібаева «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» атанып, еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға үлес қосты.
Бүгінде ауданымызда көпбалалы аналардың қатары артып келеді. Қазіргі таңда Шиелі ауданында 2561 батыр ана бар. Оның ішінде 1031 ана – «Алтын алқа», ал 1530 ана – «Күміс алқа» иегері. Бұл – өңірімізде отбасы құндылықтары мен ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берілетінінің айқын көрінісі.
Сондай-ақ аудан әкімі алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдумның ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, тұрғындарды маңызды саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды.
Мерекелік шара барысында қоғам дамуына, ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне және мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына үлес қосып жүрген бірқатар ақжаулықты аналар мен қыз-келіншектер аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және мерекелік марапаттарымен марапатталды.
Салтанатты кеш аудан өнерпаздарының әсерлі концерттік бағдарламасымен жалғасып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.







