Сырдария ауданында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде аталып өтті. Аудандық “Руханият” орталығында өткен мерекелік жиынға аудан әкімі Берік Сәрменбаев қатысып, ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында қызмет етіп жүрген азаматтарды кәсіби мерекемен құттықтады.
Мерекелік шара барысында аудан басшысы Тәуелсіздік жылдарынан бері мемлекет тарапынан ел қауіпсіздігін нығайтуға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Оның айтуынша, егемендіктің алғашқы кезеңінде мемлекеттік шекара айқындалып, Қарулы Күштер құрылып, бүгінде қуатты әрі заманауи әскер қалыптасты.
– Отан қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, әскери борышты өтеу – елге деген адалдық пен сүйіспеншіліктің айқын көрінісі. Бүгінде Президент тапсырмасымен қазақ армиясының әлеуеті артып, мемлекетіміздің сенімді қорғанына айналды. Құрлықта, әуеде және теңізде ел қауіпсіздігін күзетіп тұрған айбынды әскеріміз бар. Бұл мереке – ерлік пен батырлықты ұлықтайтын ерекше күн. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, Ауғанстан мен өзге де қақтығыстарда ерлік көрсеткен жауынгерлерге, ел басына күн туған шақта табандылық танытқан азаматтарға әрдайым құрмет көрсетеміз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан әкімі өз сөзінде Ұлы Отан соғысының ардагері, Қызылорда облысының Құрметті ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, 104 жастағы Яхия Тасыровтың өнегелі өмір жолына ерекше тоқталып, қарияға аудан халқының құрметі әрдайым жоғары екенін жеткізді.
Салтанатты іс-шара аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, қоғамдық тұрақтылық пен ел тыныштығы жолында еңбек етіп жүрген бірқатар азамат облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл марапаттар – олардың адал еңбегі мен елге қызметінің айқын көрінісі.
Мерекелік жиында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жұмабек Алиев пен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, подполковник Жасұлан Шанкулов та сөз сөйлеп, Отан қорғаушылар күні – елдік пен ерліктің символы екенін атап өтті.
Шара барысында Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровқа “Ардагерлер ұйымы” республикалық қоғамдық бірлестігінің “Құрмет белгісі” медалі табысталды. Сонымен қатар тыл ардагерлері облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының “Құрмет грамотасымен” марапатталды.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласып, ауданның өнерпаздары патриоттық әндер мен әсерлі қойылымдар ұсынды. Көрермендерге Отанға деген сүйіспеншілік пен ел қорғаудың маңызын дәріптейтін сахналық көріністер көрсетілді.
Сондай-ақ іс-шара аясында жастар мен жас сарбаздардың қатысуымен Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровпен тағылымды кездесу ұйымдастырылып, арнайы көрмелер қойылды. Кездесуде ардагердің өмір жолы мен ел қорғаудағы ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде насихатталды.
Айта кетейік, Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік шара аудан тұрғындарының патриоттық рухын көтеріп, ел қорғаны болған азаматтарға деген құрметті арттыра түсті.







